Азық-түлік бағасы арнайы бақылауда

Азық-түлік бағасы арнайы бақылауда

Шымкентте азық-түлік бағасын тұрақтандыру бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп отыр. Нәтижесінде ішкі нарықтағы әлеуметтік маңызы бар 19 азық-түліктің 3-і шекті бағадан өскені байқалған, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы А.Қаныбеков қала әкімдігінің «Instagram» және Facebook парақшасында өткен тікелей эфирде баяндады.

Бүгінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға арнайы жұмыс тобы мен тұрақтандыру қорын басқару комиссиясы құрылған.

– Жалпы халық күнделікті бірінші кезекте тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағалары басты назарда. Бүгінде азық-түлік тауарларының бағасы өндірушінің өзіндік құнының артуымен және өндірісте пайдаланатын шикізат бағасының өсуіне байланысты қымбаттап отыр. Осы орайда, қаламызда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру шаралары шеңберінде бірқатар жұмыстар атқарылды, - деді басқарма басшысы.

Қалада әлеуметтік азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсірмеу мақсатында ірі сауда желілері, азық-түлік базарлары және жергілікті тауар өндірушілері мен екі жақты 14 меморандумға қол қойылған.

Сонымен бірге тұрақтандыру қорының айналым механизмі бойынша ірі сауда желілері «Грамад», «Фиркан», «Magnum Cash&Carry» және жергілікті тауар өндірушілері, кәсіпкерлік субъектілеріне айналымға қарыз қаражат беріліп, келісім шарт түзілген.

Бұдан бөлек, бірінші қажеттіліктегі негізгі азық-түлік бағаларын тұрақтандыру аясында қаланың 8 жерінен «Hermes» ЖШС-нің жылжымалы әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылып, көкөніс өнімдері белгіленген бағада сатылып отыр.

Әр апта сайын тұрақты түрде қаланың 4 жерінде, яғни «Фосфоршылар» мәдениет үйінің алды, «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағы, «1000 ұсақ-түйек» сауда қатары, «Рахима Плаза» сауда орталығының жаны азық-түлік жәрмеңкелері өткізіліп келеді.

Сойдай-ақ, халықтың тығыз орналасқан аймағында (Еңбекші ауданы, Елшібек батыр көшесі №116) әлеуметтік дүкен ашылып, күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары төмен бағада саудаланады.