Шымкентте аса маңызды нысандарды қорғау бойынша оқу-жаттығу жиындары одан әрі жалғасуда. Әскери міндеттілер мен аумақтық қорғаныс бригадасының күзет ротасы стратегиялық нысан «Бадам» суқоймасында арнайы оқу-жаттығудың негізгі кезеңін өткізді.
Әдістемелік жиын барысында аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы тактикалық іс-қимылдарын пысықтады. Іс-шараға қала әкімінің орынбасары Берік Беркімбаев қатысты.
Іс-шарада Шымкент қаласының аумақтық қорғаныс бригадасының жеке құрамы тарапынан ерекше тактикалық эпизодтар көрсетілді. Сценарийге сәйкес, күзету мен қорғауға алынған аса маңызды стратегиялық нысанға қауіп төнген жағдайда оны қорғау және тойтарыс беру шаралары ұйымдастырылды. Оқу-жаттығу барысында «жараланғандарға» алғашқы медициналық көмек көрсету, өрт сөндіру, жергілікті аумақты тінту және ұсталғандарды жеткізу міндеттері де пысықталды. Бөлімше командирлері қойылған міндеттердің орындалуы туралы баяндап, қару-жарақтың жағдайын тексерді.
«Бадам» суқоймасы – мемлекеттік маңызы бар нысан. Мұнда 62 млн текше метр су сақталады. Сондықтан, нысанды қорғаудың маңызды өте зор. Шымкент қаласы аумақтық қорғаныс бригадасының командирі, полковник Бақытжан Әшімовтің айтуынша, оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – стратегиялық маңызы бар объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қауіп төнген жағдайда жедел әрекет ету механизмдерін жетілдіру.
– Өткізілген оқу-жаттығулар барлық қатысушы құрылымдардың – аумақтық әскерлердің, полицияның, ІІМ арнайы бөлімшелері мен әкімдіктің жоғары дайындық деңгейін және үйлесімді іс-қимылын айқын көрсетті. Тактикалық оқу-жатығу қала мен өңірдің аса маңызды инфрақұрылымын кез келген қауіптен сенімді қорғауға өз септігін тигізеді, – деді полковник Бақытжан Әшімов.
Аса маңызды нысандарды қорғау бойынша оқу-жаттығу жиындары одан әрі жалғасын таппақ.
«Шымкент келбеті»