Шымкентте «Бала дауысы Super Live» атты концерттік бағдарлама өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Наурыз мейрамы онкүндігі аясында ұйымдастырылған аталған концерттің басты мақсаты – мегаполситегі дарынды балалардың өнерін өрістетіп, көпшілікке таныту және оларға шығармашылық қолдау көрсету.
«Бала дауысы Super Live» мерекелік думанында «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» талант иелері мен би топтары қатысты. Атап айтқанда, Халықаралық байқаулардың лауреаты «Вдохновение» би тобы, «Акварель» хоры мен«Наз Қоңыр» скрипкашылар ансамблі және «Қарақат»мектеп-студиясының оқушылары өнер көрсетті.
Бағдарламада қазақтың халық әндері мен күйлері, «Вальс королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың әндері және Еуропа композиторларының классикалық әрі заманауи музыкалық шығармалары орындалды.
Айта кетейік, мәдени іс-шарада барлық санитарлық нормалар сақталды.