БАЛАЛАРДЫҢ ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАП КЕТУІНІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША АРНАЙЫ АКЦИЯ ӨТТІ

БАЛАЛАРДЫҢ ТЕРЕЗЕДЕН ҚҰЛАП КЕТУІНІҢ АЛДЫН АЛУ БОЙЫНША АРНАЙЫ АКЦИЯ ӨТТІ

Қазіргі таңда балалардың ашық терезеден құлап кету жағдайлары өзекті мәселенің бірі. Балалардың терезеден құлауының негізгі себептері - балаларды қараусыз қалдыру, терезеде қарапайым қауіпсіздік құралдарының жоқтығы және тағы басқалар.

Осы орайда “Наурыз” алаңында қала тұрғындары арасында көпқабатты тұрғын үйлердің терезелерінен балалардың құлау жағдайларының алдын алу бойынша арнайы акция өтті. Шымкент қаласы ТЖД қызметкерлері еріктілермен бірлесіп “Балалардың терезеден құлап кету қауіпсіздігі” акциясын өткізіп, көпшілікке үндеу тастады.

Iс-шараның негізгі мақсаты - балалардың терезеден құлауын болдырмау, ата-аналарға балалардың құлауының алдын алу қауіпсіздігін насихаттау.

Шымкент қаласы Төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Ирисмат Махмудовтың айтуынша, шаһарда биыл балалардың терезеден құлап кету 5 жағдайы тіркелген.

Ирисмат Бақтиярұлы балалардың қауіпсіздігі ата-аналардың тікелей міндеті екенін айтып, бұл жағдайға немқұрайды қарамауға шақырды.

Акция барысында Департаменттің әйел қызметкерлері арнайы дайындалған плакаттарымен үндеу жасады. Іс-шарада баланың періштесі ата-аналар екенін түсіндіру мақсатында шағын қойылым көрсетілді.

«Шымкент келбеті»