Үшінші мегаполистегі опера және балет театры мерекелік демалыс күндері қарсаңында қала тұрғындарын жаңа қойылыммен қуантпақ. Балаларға арналған «Көк түрік» тарихи дастан-ертегісі жаңа форматта сахналанады. Бұл туралы БАҚ өкілдеріне бүгін шығармашылық топ мәлімдеді.
Либреттосын ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжан жазған премьераны сахналау үшін Мәскеуден тәжірибелі режиссер Михаил Панджевидзе арнайы шақырылып отыр. Композиторлары – ҚР мәдениет саласының үздігі Ринат Гайсин және Ғалымбек Исмбергенов.
– Идея авторы – театрымыздың басшысы Майра Мұхамеджанқызы. Өскелең ұрпаққа, жастарға патриоттық рухта, ұлттық идеологиямен тәрбие беру мақсатында көп іздендік. Елімізге белгілі ақын, жазушы Сәуле Досжан түркі тарихына, қазақ болмысына сай келетін туынды әзірлеп отыр. Қазір осы бағытта дайындық жұмыстары күні-түні қызу жүріп жатыр. Бұйыртса, 26-30 желтоқсан күндері аралығында барша шымкенттіктер мен қала қонақтарын театрымызға шақырамыз, – деді опера және балет театрының көркемдік жетекшісі Жасұлан Сейдазимов.
Шығармашылық топтың айтуынша, бұл қойылым балаларға ғана емес, ересектерге де ой салары анық. Сондықтан, театрсүйер қауымды 26-30 желтоқсан күндері сағат 11:00-де және 15:00-де болатын премьераға шақырады.