Барлық мобильді аударымдар тексерілмейді

Барлық мобильді аударымдар тексерілмейді

«Шағын және орта бизнес иелерін алаңдатқан мобильді аударымдарды тексеру нарықтағы «көлеңкелі экономиканың» үлесін төмендетуге бағытталады». Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Сапарбек Ешанқұловақ Ақпараттық коммуникациялық орталықта өткен брифингте мәлімдеді. Оның айтуынша, әсіресе, сауда орындарында, оның ішінде азық-түлік дүкендерінде сатылған тауарлар немесе көрсетілген қызметтің ақысы ретінде төлемді жеке тұлғаның есеп-шотына арналған мобильді аударымдар арқылы қабылдау белең алған. Алайда мұндай аударымдар кассалық аппараттарды, POS-терминалдарды және QR-кодтарды қолданбай жүргізіледі. Тиісінше, түбіртек берілмей, тауардың сапасы тұтынушының көңілінен шықпаған жағдайда 14 күн ішінде кері қайтару мүмкіндігінен айырылады.

–Мемлекет барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Тек әртүрлі тұлғалардан үш ай қатарынан 100 немесе одан да көп мобильді аударым алған, яғни кәсіпкерлік қызметтің белгілері байқалған жағдай да ғана жеке шотқа тексеру жүргізіледі. Қазір көп кәсіпкерлер қаржы айналымын толық көрсете бермейтіні жасырын емес. Мұндай бастамалар көлеңкелі бизнестің жолын кесіп, ашықтықты қамтамасыз етеді. Жеке азаматтар бұрынғыша өздерінің жеке мақсаттары үшін, мәселен, туыстары мен достарына, ата-аналары, балаларына және өзге өмірлік жағдайға байланысты мобильді аударымдар қабылдай береді. Бұған қатысты ешқандай шектеу жоқ, – деді Сапарбек Еркінбекұлы.