Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, таяу уақытта халықтың әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар үшін нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау жүзеге асырылады. Бұл мәселеге қатысты қазірдің өзінде тұрғындар арасында көптеген сауалдар туындауда.
Бүгін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков «Nur Otan» партиясы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткен онлайн қабылдауда баспанаға қатысты осы және өзге де сұрақтарға жауап беріп, әр азаматтың жеке мәселесін заң аясында қарастырды.
«Қалада тұрғын үй кезегіне тіркелген азаматтар саны жыл сайын артуда. Баспанамен қамту мақсатында жалға берілетін тұрғын үйлер де қарқынды бой көтеруде. Дегенмен, азаматтар кезек күтіп, сол аралықта пәтер жалдап қиналатыны рас. Нарықтағы баспананы жалға алу құнын субсидиялау үлкен қолдау болмақ. Ең бастысы талапқа сәйкес, нағыз мұқтаж азаматтар қол жеткізуі тиіс»,-деді қала басшысының орынбасары Ерғали Білісбеков.
Жалдамалы тұрғын үйге арналған төлемдер табысы күнкөріс деңгейінен төмен әлеуметтік осал топтағы кезекте тұрған азаматтарға ұсынылады. Атап айтқанда, көпбалалы отбасылар, І, ІІ топтағы мүгедектер, жетім балалар және мүгедек балалары бар отбасылар санаты кіреді.
Қалалық тұрғын үй басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда Шымкентте мұндай азаматтар 17 мыңға жуық. Жаңа механизм тұрғындар өз баспанасына ие болғанша мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен жалдамалы пәтер құнының 50 % өтеп беруді көздейді. Қалған жартысы жалға алушы азаматтың өз есебінен төленуі тиіс. Жалға алынатын тұрғынжайдың 1 шаршы метрінің құны әр қалада бекітілген коэффициентке сәйкес есептелінеді.
Өтініш берушіге қойылатын негізгі талаптар бұл- ҚР азаматтығы болуы шарт. Соңғы 6 айда отбасының әрбір мүшесіне шаққанда тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1 еселенген шамасынан аспауы керек. Сондай-ақ, тұрғынжайға мұқтаж азамат санатында есепке қойылып, мәртебесін растауы және тұрғынжайды жалға алу шарты қажет.Төлемдерді тағайындау және жүзеге асыру мәселелері бойынша азаматтар «Отбасы банк» АҚ-на жүгіне алады.