Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

Басты мақсат – сайлаудың заң талаптарына сай өтуін қамтамасыз ету

Бүгін Шымкент қаласына ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы жұмыс сапарымен келді. Сапар барысында ОСК төрағасы 2023 жылғы 19 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттарының кезектен тыс сайлауын дайындау және өткізу мәселелері жөнінде көшпелі семинар-кеңес өткізді.

Семинар-кеңесте Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Ғабит Мәленқұлов саяси науқанға дайындық барысын баяндады.

– Шымкент қаласында белсенді дауыс беру құқығына ие 639 663 сайлаушы бар. Бұл жеке тұлғалардың мемлекеттік дерекқор базасымен толық сәйкес келеді. Бүгінде 1 қалалық, 5 аудандық және 512 учаскелік сайлау комиссиясы жұмыс істеп тұр. Оған қоса бұл жолғы сайлауда бір мандатты сайлау округтері де құрылғаны белгілі. Соның ішшінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне 2 округтік, ал, Шымкент қалалық мәслихатына 16 округтік сайлау комиссиялары құрылып, олардың мүшелері анықталып, бүгінде өз жұмысын атқарып жатыр, - деді Ғабит Патшаханұлы.

Жиын барысында Шымкент қаласы прокурорының орынбасары Берген Ержаппар мен Шымкент қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Қайырбек Құнанбаев сайлауға дайындық барысы туралы баяндап өтті.

Жиынды қортындылаған Нұрлан Мәжитұлы Парламент Мәжілісі мен мәслихатының сайлауы еліміздің болашағы үшін өте маңызды саяси науқан екенін атап өтті. Азаматтардың сайлауға белсенді түрде қатысуына қолайлы жағдай жасау мен дауыс берудің заң талаптарына сәйкес ашық әрі әділетті өтуін қамтамасыз ету сайлау комиссиялары мен жергілікті биліктің және құқық қорғау органдарының ортақ міндеті екенін айтып, осы мақсатта бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.