Шымкент қаласының орталығынан шалғайда орналасқан елді мекендерді дамыту мәселесі қала әкімі М.Әйтеновтің басты назарында. Бүгінде шеткі шағын аудандардың инфрақұрылым мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді. Солардың бірі - 10 мыңға жуық тұрғыны бар Батыс шағын ауданы.
Батыс шағын ауданы биылдан қалмай таза ауыз су жүйесіне қосылады. Қала басшысының тікелей бақылауындағы бұл мәселе, осы жылы оңтайлы шешімін тауып отыр. Шалғайдағы шағынауданға ауыз сумен қоса көгілдір отын мен жарық жүйесі тартылуда.
Мұндағы шағынаудан халқы бүгінде ауладағы құдық суымен және тасымалды суды пайдаланып отыр. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстары 2020 жылдың мамыр айында басталған болатын. Ұзындығы 151,47 шақырымды құрайтын ауыз су құбырының бүгінде 80 пайызы тартылған.
Мердігер мекеме «Мелиоратор» ЖШС-гі тарапынан қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары күз айының соңында аяқталады деп жоспарлануда. Демек, жыл соңына дейін Батыс шағын ауданындағы 9618 тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылатын болады.