Бүгін – қазақтан шыққан тұңғыш заң ғылымдарының докторы, профессор, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Twitter желісіндегі парақшасында ғалым туралы ой-толғанысын білдірді.
"Бүгін – аса көрнекті ғалым, академик Салық Зимановтың туғанына 100 жыл. Ол егемен еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға және заң саласын дамытуға зор үлес қосты. Салық Зиманұлының ел мүддесі жолында атқарған еңбегі өскелең ғалым ұрпақтарына қашанда үлгі-өнеге",- делінген Президент жазбасында.
Айтулы күнге орай, бүгін Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқып берді.
"Салық Зиманұлы тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негіздерін қалыптастыруға орасан зор еңбек сіңірді. Ол мемлекеттік, егемендік туралы декларацияны, Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы конституиялық заңды – алғашқы Ата-заңымызды әзірлеуге атсалысты. Сондай-ақ Қазақстандағы парламентаризм институтын дамытуға барынша үлес қосты. Әсіресе, еліміздің саяси және құқықтық даум тарихы, билер институты сияқты үлкен тақырыптарды терең зерттеді. Оның мол мұрасы алдағы уақытта да ел игілігіне айнала беретіні анық. Салық Зиманұлы ұлағатты ұстаз ретінде көптеген білікті заңгер тәрбиелеп өсірді. Оның шәкірттері ел экономикасының түрлі саласында табысты еңбек етіп жүр. Биылғы мерейтойы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр, мұның символдық мәні зор. Туған еліне қалтқысыз қызмет еткен Салық Зимановтың ғибратты ғұмыры жас ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге" - делінген Қасым-Жомарт Кемелұлының Құттықтау хатында.