Бүгін, 10 ақпан – «Айтыстың ақтаңгері, жазба ақындықтың құлагері» атанған Есенқұл Жақыпбектің туған күні. Қазақ әдебиетінің дамуына өлешусіз үлес қосқан тұлғаның көзі тірі болғанда 67 жасқа толар еді.
Ол 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Бірлік ауылында дүниеге келген. Өне бойы өлеңнен жаралған ақын кезінде тұңғыш телевизиялық айтыстың жеңімпазы болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмес.
Көзі тірісінде ол бірқатар басылымдар мен жауапты қызметтерде ел үшін аянбай еңбек етті. «Бастау», «Ағымнан жарыламын», «Біз екеуміз» секілді жыр жинақтары жарық көрді. Бұдан бөлек, ақынның «Алдай-ау», «Біздің елдің жігіттері», «Өмір өтті зырғып ағып» атты әндері мен термелері халық арасында кеңнен таралған.
Есенқұл ақын айтыс сахнасында 30 жылдай өнер көрсетті.