Бүгін композитор, дирижер, КСРО халық әртісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Халық қаһарманы Нұрғиса Атабайұлы Тілендиевтің туған күні.
Дәулескер домбырашы 1925 жылы 1 сәуір күні Алматы облысы Іле ауданында дүниеге келген. Алматы консерваториясын (қазіргі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерватория), Мәскеу мемлекеттік консерваториясын бітірген.
1952-1961 жылдары - Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері. 1960-1964 жылдары - Қазақтың халық аспаптар оркестрінің бас дирижері. 1968-1981 жылдары - Қазақфильм киностудиясы музыка редакциясының бас редакторы. 1981 жылдан Отырар сазы фольклорлық-этнографиялық ансамблінің ұйымдастырушысы әрі көркемдік жетекшісі қызметтерін атқарды.
Алтын таулар операсының (Қ.Қожамияровпен бірге), Достық жолымен балетінің (Л.Степановпен бірге), Ортеке балет-поэмасының, Менің Қазақстаным кантатасының, оркестрге арналған Поэма, Ата толғауы, Ақсақ құлан, Аққу, Арман, Махамбет, Көш керуен поэмалары мен Халық қуанышы, Қайрат, Жеңіс салтанаты атты кіріспелердің, 400-ге тарта ән мен романстың авторы. 50-ден астам драмалық қойылымға, 19 көркем фильмге, 17 мультипликациялық фильмге, 14 деректі-хроникалық фильмге музыка жазды.
Екі рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталған.