Қыр төсінде қой өргізген, шопан таяғына адал болған, екі мәрте Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына бүгін 125 жыл толды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жазылбек ата 1896 жылы 29 наурызда қазіргі Түркістан облысы, Көктерек ауылында дүниеге келген. 1930 жылдан бастап «Кеңес» мал серіктігі құрылғанда алғашқылардың бірі болып кіріп, қой бағады. 1936-1957 жылдары Көктерек, Айдарлы совхоздарында аға шопан болып, қажырлы еңбек етеді.
1936 жылы таңдаулы малшылар қатарында Алматыда ашылған Қазақстан ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысады. Осы сапардан оралысымен ол мал тұқымын асылдандыру жұмысына кіріседі. Жергілікті қылшық жүнді қойды қаракөл қойымен будандастыру ісін жүргізеді. Ұлы Отан соғысынан кейін, тоқтап қалаған бұл селекция жұмысын қайтадан жалғастырып, жаңа қой тобы - қүнды елтірі беретін қаракөл қойын өсіреді. Одан төл алу және оның елтірісінің сапасын жақсарту көрсеткіші жылдан жылға өрлей береді. 1947 жылы әр 100 саулықтан 130 қозы алады. Осы еңбегі үшін 1948 жылы Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі. Өндірілген қаракөл елтірілері халықаралық жәрмеңкелерде (Дели, Бухарест, Познань, Нью-Йорк қалаларында) және аукциондарда өте жоғары бағаланды.
1957 жылы бағымындағы әр 100 қойдан ең жоғарғы, рекордтық көрсеткіш - 145 қозы өсірді. Әр қойдан алынған жүн мөлшері де 3,3 кг-ға өседі. Осы үздік табысы үшін 1958 жылы екінші рет Социалистік Еңбек Ері атағы беріледі.
Жазата атында шаруа қожалығы, аудан елді мекендерінде Жазылбек атындағы көшелер бар. Алматыда бір көше Жазылбек есімімен аталады. Артында қалған ұрпағы өсіп-өніп жатыр.
Жазата өзінің бейнеткештігімен шопан кәсібінің абыройы мен даңқын асырды, мал шаруашылығы тарихында із қалдырды.