Шымкент қаласы мәслихатының уақытша комиссиясы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары бойынша бірқатар білім беру нысандарын аралады. Қала мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, мәслихат депутаттары мектептердегі күрделі жөндеу жұмыстарының барысын пысықтады.
Көпшілік дарынды балаларға арналған № 1 мамандандырылған ІТ лицей-интернатының жаңа оқу жылына дайындық барысымен танысты. Мұнда құрылыс-монтаж жұмыстары 85 пайызға аяқталған. Күрделі жөндеу жұмыстары биыл ақпан айында басталған еді. Қазіргі уақытта сыртқы абаттандыру жұмыстары қалып тұр. Мәслихат төрағасы мердігерге жұмысты уақытында аяқтауды және бірқатар сын-ескертпелерді айтты.
№ 10 Ақпан батыр атындағы жалпы білім беретін орта мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталған. Бейне бақылау жүйесі де іске қосылған. Мәслихат төрағасы ендігі ретте СЭС пен Өртке қарсы қызметтің актісін қабылдап алу керек екенін назарға алды.
Бүгінде қаладағы 252 мектепке зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Уақытша комиссия өкілдері 180-ге жуық мектепті аралап шыққан. Мәслихат төрағасы құрылыс-монтаж жұмыстарын оқу жылының басталуынан алдын тезірек аяқтау қажеттігі назарда тұрғанын атап өтті.
Дайындық жұмыстары мәслихаттың алдағы сессиясында баяндалмақ.
«Шымкент келбеті»