Бір аптада баспаналы болды

Бір аптада баспаналы болды

Қазақстандықтар 2 баласы аутизм дертіне шалдыққа анаға бір аптада үй сыйлады. Жерлесіміз Айгерім Үсеноваға баспана кілтін танымал қоғам белсендісі, экономист, «Dauletten» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Дәулет Мұқаев арнайы келіп табыстады.

– Бір аптаның ішінде үй сыйлаған қазақстандықтарға, «Дәулеттен» аккаунтының оқырмандарына алғысым шексіз, жақсылықтарыңыз Алладан қайтсын. Бұған дейін де ұлымды емдеуге Алматыдан Нұр-Сұлтан қаласына жетуге көмектескен болатын. Бұл жолы баспанасыз қалғандықтан, амал жоқ, көмек сұрауға мәжбүр болдым. Дәл осылай бірнеше күннің ішінде үйлі боламыз деп тіпті ойламадым. Әлі де өзіме өзім сене алар емеспін, – дейді Айгерім Үсенова.

Жалғызбасты келіншектің жұбайы дүние салған, ұлы аутизм дертіне шалдыққан екен. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, қызына да жылдың басында осы диагноз қойылыпты. Бұған дейін баспана жалдап тұрып келгенімен, дерттің өткір түріне шалдыққан балаларға шыдай алмаған пәтер иелері үйлерінен шығарып жіберуге мәжбүр болыпты. Тіпті, далада түнеген кездері де болған екен. Осылайша қайырымдылық қорынан көмек сұрауға мәжбүр болады.

– Айгерім мен оның балаларын біршама уақыттан бері танимыз. Қордан еміне және жол сапарына көмек бердік. Кешегі аптада баспанаға көмек сұрап, хабарласқан соң біз ақылдаса келе әлеуметтік желіге пост жариялап, отандастарымыздан қайырымдылық жинауға кірістік. Қолдау көрсеткен жерлестерімізге разымыз, 16 миллион теңгеден астам қаржы бір тәулікте жиналды. Сол қаржыға өзі қалаған Шымкенттен баспана алып бердік. Дүйсенбі күні барлық құжаты рәсімделді, – дейді «Dauletten» қайырымдылық қорының директоры Нұрсұлтан Орынбеков.

Бұл отбасыға көмек мұнымен шектелмейді. Өнер адамы Аяулым Жорабаева балалардың еміне деп, 1,8 млн теңге арнаған. Ал Түркияда тұратын Қайша Керей деген қандасымыз 1 млн теңгенің заттай көмегін көрсетуге уәде берген. Ал Шымкент қалалық әкімдігі жаңадан сатып алынған үйдің су, табиғи газ және жол секілді коммуналды инфрақұрылымын қамтамасыз етіп отыр.

Айта кетейік, «Dauletten» қайырымдылық қоры 2020 жылы құрылған. Басты мақсаты – әлеуметтік санаттағы мұқтаж жандарға көмек пен білімді жастарға қолдау көрсету. Бұл – қордың көмегімен сатып алынған қырық төртінші баспана болып отыр.