Шымкент қаласында ел Тәуелсіздігінің 32 жыл толуына орай жасөспірімдер арасында «Біртұтас ұлт – біртұтас әскер» әскери-патриоттық әндер фестивалінің қалалық кезеңі ұйымдастырылды. Сайыста қаладағы мектеп оқушылары мен колледж студенттері бақ сынасып, өз өнерлерін паш етуде. Жастарды отансүйгіштікке баулитын іс-шараның өтуіне «Таулы-Қарабах ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалы ұйытқы болып отыр.
Байқаудың алғашқы кезеңі аудандарда өткізілген болатын. Онда 150-ден астам оқушы бағын сынап, қалалық кезеңге 30 жасөспірім жолдама алды.
–Ән арқылы жастардың бойында рухын көтеріп, Отанды сүюге баулуды мақсат еткен болатынбы. Олардың бойындағы патриоттық рух пен жігерді көріп, сүйсініп отырмыз. Жастар Отан, ана, туған жер тақырыптарында шырқап жатыр. Өйткені, халқымыз ежелден «ана», «туған жер» ұғымын Отан деп дәріптеген, - деді қазылар алқасының мүшесі, «Таулы-Қарабах ардагерлері мен мүгедектері» қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалының төрағасы Мұрат Аманбаев.
Төрешілердің құрамында шаһардағы мәдениет өнер саласының вокалист мамандары да бар. Олар әр қатысушының әнді орындау шеберлігі, сахнада өзін ұстауы және киім үлгісіне қарап бағалады.
–Бүгінгі байқауда «Туған жер» әнін орындап шықтым. Бұған дейін мектебімізде ұйымдастырылатын әскери-патриоттық іс-шараларда ән айтатынмын. Кез келген қатысушы сайысқа түсіп жатқанда жеңемін деп мақсат қояды. Өнер сайысында менің де жеңістен үмітім бар, – дейді №136 мектептің 11 сынып оқушысы Мейрамбек Бауыржанұлы.