Биыл елімізде 11 сыныпты аяқтаған 154 400 түлек алтын ұясымен қоштасады, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Білім және ғылым министрлігі Мектепке дейінгі орта білім беру комитетінің төрағасы Майра Мелдебекова мәлімдеді.
- Жалпы 3 млн. 400 мыңнан астам оқушымыз бар. Осы оқу жылында оқу процесі әр түрлі форматта жүрді. Оқушы саны 300 балаға дейінгі мектептердің бәрі дәстүрлі форматта оқыды. Ол мектептерде 120 мыңнан астам бала бар. Сонымен қатар, оқу жылының басынан бері 1-5 сыныптарда кезекші топтар аштық. Әрине бастауыш сыныптардың балаларында қашықтан оқуға дағдылары қалыптаспағандықтан олардың бәрімен елдегі санитарлық ахуалға байланысты кезекші топтар бойынша жұмыс істеуге құзырлы министрліктен рұқсат алып отырдық, - деді Майра Мелдебекова.
Министрлік өкілі ІІІ тоқсаннан бастап 9-11 сыныптарда қорытынды аттестация емтихандарын тапсыратын болғандықтан, дәстүрлі форматта білім алуға мүмкіндік алғанын айтты.
Еске сала кетейік, биылғы соңғы қоңырау кеші 9, 11-сынып оқушыларының қатысуымен барлық санитарлық талапты қатаң сақтай отырып, мектеп ауласында ашық алаңда өтеді.