2022 жылға дейін елімізде шамамен 6 млн. қазақстандыққа коронавирусқа қарсы вакцина салу жоспарланған, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында айтты.
– Қазақстанда жеке вакцина әзірлеушілер, сондай-ақ вакцина өндіруге арналған оқшауланған алаң бар - бұл вакцинамен қамтамасыз етуге байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер етеді. Осылайша, 2021 жылы біз 6 млн-нан астам адамға вакцина салуды жоспарлап отырмыз, – деді министр.
Алексей Цой қазіргі таңда медицина қызметкерлеріне ресейлік «Спутник V» вакцинасы салынып жатқанын атап өтті.
Сәуір айынан бастап ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты әзірлеген – отандық «QazCovid-in» вакцинасын қолдану жоспарланған. Осыретте елімізде 2 мыңнан аса медицина мамандары коронавирусқа қарсы вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында арнайы оқытылғанын естеріңізге саламыз.
Айта кетейік, Шымкент қаласында 1 000 медицина қызметкері «Спутник V» вакцинасын салдырды. Жалпы қалада 10 мыңнан аса медицина қызметкері бар. Жыл соңына дейін оның 80%-ын вакциналау жоспарланған.