Биыл Шымкент қаласы бойынша «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы саны 2833 пәтер жоспарланған. Оның ішінде 1621 пәтер тұрғын үй кезегіндегі азаматтарға жеңілдетілген несиелік бағытта үлестіріледі. Бұл тұрғын үйлер «2-10-20 Бақытты отбасы» және «5-20-25» несиелік бағдарламалары бойынша Отбасы банк арқылы тапсырылады.
«Бақытты отбасы» бағдарламасына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы отбасылар, жетім және ата анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар, сонымен қатар 1 және 2 топ түгедектігі бар азаматтар қатыса алады. Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез-келген азаматтың өтінім беру мүмкіндігі бар.
Былтыр Шымкент қаласы бойынша тұрғын үйге мұқтаж ретінде кезекте тұрған 1276 азамат несиелік баспанаға қол жеткізген болатын.