​Биылға берілетін пітір садақаның мөлшері анықталды

​Биылға берілетін пітір садақаның мөлшері анықталды

Биылғы пітір садақа мен зекет және підияның мөлшері анықталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының кеңейтілген төралқа мәжілісінде айтылды.

–Биыл пітір мөлшері 420 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Ал ұнның бағасы қала және облыс өкілдіктерінің берген мәліметі негізінде анықталды, – делінген ресми хабарламада.

Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұровтың айтуынша, тарауық намазында санитарлық талаптарды сақтай отырып, қысқа сүрелер оқылады. Ал ауа райы қолайлы аймақтарда мешіт ауласында өткізіледі. Қасиетті Рамазан айында онлайн және тікелей эфирде бірнеше жоба ұсынылады.

Бұдан бөлек, төралқа мәжілісінде санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастыру жайы қаралды.

–Рамазан айында санитарлық талаптарды сақтай отырып, ауызашарлар ұйымдастырылады. Ал Ораза айт мерекесіне орай мешіт ауласына киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар өткізіледі. Ораза айт күндері қарттар мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл сыйлау секілді іс-шаралар атқарылады, – деді мешіт істері бөлімінің меңгерушісі Марат Жаппасбаев.

Айта кетейік, пандемияға байланысты аталған шаралар кезінде сақтыққа баса назар аударылады. Ал бас мүфти "жасыл аймақтарда" орналасқан өңірлерде Рамазан айын мүмкіндігінше қалыптасқан дәстүрге сай өткізу қажеттігін жеткізді.