Бұл – жай ғана сенбілік емес: Шымкенттіктерге туған қаласын құрметтеуді үйретуде

Бұл – жай ғана сенбілік емес: Шымкенттіктерге туған қаласын құрметтеуді үйретуде

2025 жылғы 2 тамызда Шымкент қаласында жалпы қалалық сенбілік өтіп, оған 11 мыңнан астам адам, оның ішінде 28 жасқа дейінгі 4 мыңнан астам жас қатысты. Қала көшелерін тазалауға аудан әкімдіктерінің қызметкерлері, қалалық басқармалар, еріктілер, тұрғындар мен қоғам белсенділері шықты. 215 арнайы техника жұмылдырылып, 160 тоннадан астам қоқыс шығарылды.

Сенбілік барысында:

  • 57 шақырым жол жиегі,
  • 43 шақырым жаяу жүргінші жолы,
  • 38 шақырым ирригациялық арық жүйесі тазаланды.

Сондай-ақ, өзен арналары мен жағалаулары қоқыстан тазартылып, шөп шабылып, қураған бұталар кесілді.

«Мұндай шаралардың басты мақсаты – аптасына бір рет тазалық ұйымдастыру ғана емес, адамдардың айналаға деген көзқарасын өзгерту. Қоқыс тастамауға дағдыландыру. Күнделікті өмірде, көшеде, табиғат аясында тазалық мәдениетін қалыптастыру», – дейді ұйымдастырушылар.

Сенбіліктер «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп келеді. Бұл акция наурыз айында басталып, жыл соңына дейін апта сайын жалғасады.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласында 2029 жылға дейінгі ұзақ мерзімді жоспар қабылданған. Жоспар аясында «Таза аула», «World clean-up» секілді ақпараттық-ағартушылық бастамалар, көгалдандыру, абаттандыру және тұрғындардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру бағытындағы тұрақты жұмыстар қарастырылған.

Қалалық әкімдік барлық тұрғындарды белсенді атсалысуға шақырады: таза Шымкент – баршамыздың ортақ жауапкершілігіміз.