«Бұлақ көрсең, көзін аш» атты жас қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті

«Бұлақ көрсең, көзін аш» атты жас қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті

Шымкент қаласындағы бейнелеу және көркем сурет музейінде «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы мен Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжінің ұйымдастыруымен «Бұлақ көрсең, көзін аш» атты жас қылқалам шеберлерінің көрмесі өтті. Көрмеде колледж студенттерінің 100-ден аса туындылары көптің назарына ұсынылды.

Іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев арнайы қатысып, жастарды жігерлендіретін осындай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

– Еліміздің өнерлі жастарына қолдау көрсету — сайлауалды бағдарламадағы негізгі бағыттардың бірі. Қылқалам шеберлеріне арналған жобаны Қазақстанда алғаш рет Шымкентте ұйымдастырып жатырмыз. Бүгін Ә.Қастеев атындағы өнер және дизайн колледжі студенттерінің «Ауылым – алтын бесігім» тақырыбындағы туындыларын тамашаладық. Жастар ауыл өмірін өнеріне арқау еткен. Біз осылайша жас буынды қазақтың алтын бесігі – ауылға жақындатып, ата-баба дәстүрін жалғастыруды мақсат еттік. Біз мұндай жобаларды қолдауға дайынбыз, – деді Мәжіліс депуаты.

Көрмеге қойылған жастардың туындылары бірнеше бағытты қамтиды.

–Студенттеріміз сурет және кескіндеме, қолөнер және компьютерлік графика бағыты бойынша еңбектерін ұсынып отыр. Қай өнерді алып қарасаңыз да, оның бір табаны ауылға тіреледі. Кез келген қылқылам мен қолөнершінің композициясы ауыл тақырыбын қамтып өтеді. Кейбір суденттеріміз ауылда тұрмаса да, ол жаққа барған кездегі көргенін бүгін шеберлікпен суреттеп берді. Алдағы жылы «Ауыл» партиясымен бірлесе осы іс-шараны табиғат аясында ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ә.Қастеев атындағы колледждің сурет және кескіндеме кафедрасының жетекшісі Тастанбек Асылбеков.

Көрмеге белсенді қатысып, туындысы үздік деп танылған студенттерге арнайы диплом мен ынталандыру мақсатында қаржылай сыйлық табысталды.