Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауын оқытушы-профессорлар қауымы мен студент жастармен бірге тыңдадық. Президенттің биылғы Жолдауды әлемдегі геосаяси ахуалдың күрделілігімен бастауы әрбірімізді ойландыруы тиіс. Расында, алып державалар арасындағы бәсекелестік пен аймақтық қақтығыстар, энергетикалық және экономикалық ресурстарға сұраныс елдің тұрақтылығына, экономикалық дамуына және қауіпсіздігімізге әсер етері анық. Осыған қарамастан Қазақстан қазір теңдессіз бейтараптық ұстанымы арқылы халықаралық ынтымақтастықты дамытып, айқын стратегиялар арқылы ішкі және сыртқы тұрақтылықты қамтамасыз етіп отыр.
Түрлі қайшылықтарға қарамастан, Президент еліміздің дамуы тоқтамауы керектігін айтты. Қазіргі күрделі жаһандық жағдайда білім мен ғылымға салынатын инвестиция – болашаққа салынған ең сенімді капитал. Бұл ретте Президент бастамасымен күні кеше ғана Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарының бірімен жасалған халықаралық келісім – еліміздің білім беру саласында жаңа кезеңнің басталғанын көрсетеді. Қосдипломды бағдарламаны жүзеге асыру арқылы біз отандық жоғары білімнің халықаралық беделін арттырып, жастарымыздың жаһандық бәсекеге қабілетті болуына жол ашпақпыз.
Президент жыл сайынғы Жолдауында ғылым мен жоғары білім саласына айрықша басымдық береді. Биыл да инновациялық саясатты Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырына беру, дарынды зерттеушілерді қолдау, білікті мамандарға, оның ішінде техникалық мамандарға жағдай жасау туралы айтылды. Сондай-ақ, Жасанды интеллект министрлігін құру туралы бастама — өте перспективалы және маңызды қадам деп ойлаймын. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект (ЖИ) экономиканың, қауіпсіздіктің, білімнің және көптеген басқа салалардың дамуында шешуші рөл атқарып жатыр. ЖИ бағытындағы зерттеулерді қаржыландыруды біз ғалымдарымыз жеңіп алған мемлекеттік ғылыми жоба гранттары арқылы анық сезінеміз. Зерттеушілеріміздің табандылығының нәтижесінде университетіміз 13 ғылыми жобамен гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру конкурстарында жеңіске жетіп, жұмыс істеп жатыр. Жоба тақырыптары білім беру процесін цифрландырудан бастап, жасанды интеллект, ауыл мектептерін дамыту, оқушылардың эмоциялық жағдайын болжау, ұлттық құндылықтарды сіңіру және мұғалімдердің зерттеушілік құзыретін арттыру секілді салаларды қамтиды. Бүгінде барлық жобалар бойынша жалпы қаржыландыру көлемі — 1 миллиардтан астам теңгені құрап отыр.
Президенттің Қазақстан халқына Жолдауында көтерілген саяси реформалар — еліміздің демократиялық даму жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Әсіресе, бір палаталы Парламентке көшу туралы бастама — мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге бағытталған батыл шешім. Білім және ғылым саласының өкілі ретінде, бұл өзгеріс елдегі саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне, азаматтық қоғам институттарының нығаюына, сондай-ақ жастардың саясатқа белсенді араласуына мүмкіндік береді деп сенеміз. Парламенттің ықшамдалуы — оның тиімділігін арттырып, шешім қабылдау процесін жеделдетуге сеп болмақ.
Сонымен қатар, бұл реформалар еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына жол ашып, болашақ ұрпаққа тұрақты, әділетті және ашық мемлекеттік басқару моделін қалыптастыруға негіз болады деп сенеміз. Біз бұл тарихи өзгерістерді қолдаймыз және жастарды белсенді азаматтық ұстаным танытуға шақырамыз.
Әлібек НҰРТАЕВ,
Ө.Жәнібеков атындағы ОҚПУ Басқарма төрағасы-Ректор міндетін уақытша атқарушы, «Құрмет» орденінің иегері