Шымкентте 12 мың азамат базалық цифрлық сауаттылықты арттыру курсынан өтеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Оқу «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында наурыз айынан бастап қазан айының соңына дейін жалғасады. Курс қазақ, орыс тілдерінде жүреді. Бұл курсқа мүмкіндігі шектеулі жандар да қатыса алады. Олар үшін арнайы Қазақстанда алғаш рет сурдоаудармасы бар білім беретін қосымшасы іске қосылды.
Оқу курстары https://shymkent-online.kz/digital сайтында өтеді. Платформа тәулік бойына жұмыс істейді. Онда тұрғындар кез келген уақытта кіріп, курсты оқи алады. Оқу - тегін. Курста барлығы 12 видео сабақ бар. Сабақтарды аяқтаған соң білімін растайтын сертификат беріледі.
Курс негізгі 5 бағытты қамтиды: «Электрондық қызметтер», «E-Commerce»,«Базалық дағдылар», «Ақпараттық қауіпсіздік негіздері», «Ашық үкімет» порталы.
Оқудың негізгі мақсаты - тұрғындардың цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық заманда электрондық қызметтерді үйден шықпай-ақ, өз бетінше алуға көмектесу.
Жалпы бүгінгі күнге дейін 8 412 адам курсқа қатысқан. Оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтары, жұмыссыз жүрген азаматтар, зейнеткер жасына дейінгі және мүмкіндігі шектеулі тұлғалар да бар.