Бұл туралы Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов айтты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Осылайша 2025 жылға дейін Солтүстік Қазақстан облысына 10 мыңнан астам адамдық жұмыс күшін тарту көзделіп отыр.
Бұл өңірдегі демографиялық жағдайға оң әсер етіп, жұмыссыздық деңгейін 4,9%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Еңбек министрлігінің айтуынша, өңіраралық қоныс аудару тетіктері жетілмек.
Мәселен, электрондық еңбек биржасының көмегімен бизнес-процестерді оңтайландыру жоспарлануда. Бұдан басқа, мемлекет бір жыл ішінде қоныс аударушылардың жалақысының 35 пайызына дейін субсидия беруді жоспарлап отыр (бірақ ең төменгі жалақыдан, яғни 42 500 теңгеден аспайды).
Субсидия көлемін екі есеге - 35-тен 70 АЕК-ке дейін, яғни 102 095 теңгеден 204 190 теңгеге дейін арттыру жоспарлануда.
–Қазір жаңа орынға қоныс аударушыларды бейімдеу үшін берілетін біржолғы жәрдемақыны 35 АЕК-тен 70 АЕК-ке дейін ұлғайту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жұмыс берушілерді ынталандыру үшін қоныс аударушы жалақысының бір бөлігін субсидиялау, оны оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу бойынша шаралар қабылдануда,- деді Серік Шапкенов.
Айта кетейік, былтыр қазан айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің оңтүстігінен солтүстігіне көшіп келген қоныс аударушыларға берілетін жәрдемақының мөлшерін екі есеге арттыруды ұсынған болатын.