Еліміз коронавирус індетінің таралуына байланысты «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі, бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Ерлан Қиясов айтты.
– 13 қаңтардағы жағдай бойынша республикамызда COVID-19-бен ауырған 164 477 науқас және КВИ- жағдайымен 46 499 науқас тіркелді. Олардың 87%-ы сауығып шықты, оның ішінде 150 427-сі КВИ+ болса, 34 118 КВИ- болып отыр. Қазір ауруханада 5 732 науқас, ал реанимацияда 357 науқас жатыр. Өкінішке қарай, соңғы айда коронавирустық инфекция бойынша эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалып отыр. ҚР «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа ауысты. «Сары» аймақтан «қызыл» аймаққа екі облыс – Қостанай және Ақмола облыстары ауысты. Қазіргі таңда «сары» аймақта Алматы, Нұр-Сұлтан қалалары, СҚО, Павлодар, Атырау облыстары бар. Сондай-ақ, қаңтар айында БҚО «жасыл» аймақтан «сары» аймаққа көшірілді. Қалған өңірлер «жасыл» аймақта, - деді ол.
Айта кетейік, Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай әзірге тұрақты. Үшінші мегаполис «жасыл» аймақта.
www.coronavirus2020.kz ресми сайттағы мәліметке сүйенсек, Шымкент қаласында өткен тәулікте (12 қаңтар 23:59-дағы эпидемиологиялық жағадай бойынша) 11 адамнан коронавирус анықталған.
Республика бойынша бір тәулікте 766 адам коронавирус індетін жұқтырғандығы ПТР арқылы расталды.
Жалпы індет тарағалы дәл қазіргі сәтке дейін Шымкентте жұқтырғандар саны - 5 638, жазылғандар - 5 341, қайғылы жағдай - 81.
Осыған байланысты өткен аптада Шымкент қаласының Бас мемлекеттік санитар дәрігері Абдиманап Тулебаевтың қала аумағында карантиндік, шектеу шараларын ұзарту туралы жаңа қаулысы шықты
Фото: ашық дереккөз