Covid-19 ықтимал толқынына 3 сценарий әзірленді – Позилов

Covid-19 ықтимал толқынына 3 сценарий әзірленді – Позилов

Бүгін Ақпараттық-коммуникациялық орталығында Шымкент қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позиловтың қатысуымен қаладағы коронавирус инфекциясына қарсы атқарылып жатқан шаралар мен эпидемиологиялық жағдай бойынша брифинг өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Баспасөз мәжілісінде Бақытжан Жолдасбекұлы үшінші мегаполистегі эпидахуал туралы сөз қозғады.

Шымкент қаласында эпидемиологиялық жағдай жыл басынан бері алаңдатушылық туғызып отыр. Жалпы, еліміз бойынша ахуал нашарлай бастады. Бірақ біздің қала «жасыл» желекте тұр. Дегенмен босаңсуға болмайды. Сол себепті медициналық түсіндіру жұмыстарын ауқымды жүргізіп жатырмыз. Мәселен, мамандарымыздың тікелей эфирінен 300 мыңға жуық қала тұрғыны коронавирус инфекциясын алдын алу және онымен күресу жөнінде түсініктеме алды. Одан бөлек, Covid-19 індетінің ықтималды толқынына әзірленген үш сценарий бойынша жұмыстар пысықталды, – деді Б.Позилов.

Ширатып жеткізсек, әзірленген үш сценарий барысында қалыпты «А» жағдайында 1 220 төсек-орын қамтылады. Егер маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, «В» деңгейінде төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. Ал ахуал тым өршісе, «С» деңгейі бойынша 5 416 төсек-орын ашылады.

Басқарма басшысының айтуынша, қалада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Бұл жөнінде мониторинг жұмыстары жүргізілуде. Осы орайда емхана қызметкерлері диспансерлік есептегі 21 мыңнан аса тұрғынға хабарласып, хал-жағдайын білген

Айта кетейік, өткен тәулікте қалада Covid-19 инфекциясын 14 адам жұқтырған. Жалпы, бүгінге дейін үшінші мегаполисте коронавирус індетінің 5 771 жағдайы тіркеліп, оның 5 359-ы емделіп шыққан.

Фото: Серік Қосай