Шымкент қаласы әкімдігі Халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, үшінші мегаполисте шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында 74 адам шағын несие алса, 4 800-ден астам азамат қайтарымсыз мемлекеттік грантқа қол жеткізген. Ал, «Бастау бизнес» жобасы бойынша 2 820 адам кәсіптік білім алған, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Бір ғана «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын несие алып, кәсібін бастағандар аз емес. Солардың бірі – 31 жастағы көпбалалы ана Динара Балғабекова.
Бес баланың анасы Шымкент қаласы әкімдігінің Халықты жұмыспен қамту орталығының көмегіне жүгініп, нәтижесінде «Еңбек» бағдарламасының жаппай кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша кәсіпкерлік негіздері курсын тәмамдаған. Осылайша «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы жылдық пайызы 5%-дан аспайтын 6 миллион теңге несие рәсімдейді. Алған қаражатына асхана ашып, бүгінде 5 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
– Жеке кәсібімді ашу көптен бергі арманым еді. Сол арманым жүзеге асып, бүгінде отбасымды және өзге де азаматтарды табыспен қамтамасыз ету мүмкіндігін алдым. Алдағы уақытта қосымша дүкен ашып, кәсібімді кеңейту жоспарымда бар. Мемлекет тарапынан көпбалалы және табысы төмен отбасыларына көрсетіліп жатқан қолдау үшін ризашылығымды білдіремін, - дейді Д. Балғабекова.
Мемлекеттік бағдарламаның басты бағыттарының бірі - жаппай кәсіпкерлікті дамыту. Жұмыссыз жүрген азаматтар сұранысқа сай мамандықты игеріп қана қоймай, төмен пайызды мөлшерлемемен шағын несиелер алып, жаңа бизнес идеяларын іске асыра алады.