Аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың өмірден озғанына 30 жыл толуына орай еске алу іс-шарасы өтті. Жиынға Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы Бахадыр Нарымбетов, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Алдымен көпшілік заңғар тұлғаны 1 минут үнсіздікпен еске алды. Қала мәслихатының төрағасы Б.Нарымбетов Д.Қонаевтың еліміздің тарихында алар орны ерекше екенін атап өтті.
– Дінмұхамед Ахметұлы шын мәнінде ұлтымыздың көшбасшысына айналған тұлға. Жылына екі рет – туған күнінде және бақилық болған күні қарсаңында ескерткішінің жанында жиналамыз. Біртуар тұлғаға деген құрмет өшпек емес. Ендігі ретте ол кісінің еңбегін өскелең ұрпаққа жеткізіп, ұрпаққа кеңінен насихаттауымыз керек. Артында қалдырған мұрасы мен тарихи тұлғасын танытуда әлі де атқарар жұмыс көп, – деді қала мәслихатының төрағасы.
Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Төлебаев ол кісі ел басқарған кезеңде елімізде көптеген салада оң өзгерістер, жоғары жетістіктер болғанын жеткізді. Сонымен қатар, қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов және өзгелер сөз сөйлеп, Дінмұхамед Ахметұлы жайындағы естеліктерімен бөлісті.
Іс-шара соңында көпшілік тарихи тұлғаның ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.