АҚШ Президенті Дональд Трамп Қазақстанның АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті елшісі Мағжан Ілиясовпен өткен қысқа әңгіме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен қараша айында өткен кездесуі жөнінде пікір білдірді.
Әңгіме Вашингтонда сенім грамоталарын тапсыру рәсімінен кейін өткен. АҚШ басшысы Қазақстан Президентіне жеке жылы лебізін жолдап, оның кәсіби деңгейі мен адами қасиеттеріне жоғары баға берген.
Кездесу барысында Дональд Трамп Қасым-Жомарт Тоқаевты «керемет тұлға әрі тәжірибелі мемлекет қайраткері» деп атап, оның халықаралық үдерістерді терең әрі байыппен түсінетінін ерекше атап өтті.
Сондай-ақ АҚШ Президенті Мемлекет басшысына бірнеше естелік сыйлық жолдаған. Олардың қатарында Ақ үйдің символикалық кілті мен Дональд Трамптың жеке қолтаңбасы қойылған бейсболка бар.
Бұл туралы Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай хабарлады.