Дәрігер Давранның шипасы дертке дауа

Дәрігер Давранның шипасы дертке дауа

Шымкент қаласының онкологиялық орталық дәрігерлері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды Орта Азияда теңдесі жоқ тәсілмен емдейді, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Аты жаман аурудан талай адамды айықтырған ақ халатты абазал жанның бірі – Давран Арыбжанов.

Давран Арыбжанов 18 жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етеді. Ол қатерлі ісікке шалдыққан науқастарды емдеп, жазу үшін Ресей, Аустрия, Германия елдерінде арнайы оқу курсынан өтіп, біліктілігін арттырған. Тәжірибелі дәрігер заманауи әдістің көмегімен 12 жылдан бері қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға жаңа өмір сыйлап келеді.

Біз Қазақстанда алғаш болып тамырішілік химиотерапия және химиоэмболизация әдісін енгіздік. Бұл тәсіл арқылы қатерлі ісіктің тамырына химиялық заттар 100 пайыз жіберіледі. Нәтижесінде қатерлі ісікті емдеу 20-30 пайыз жақсарады. Бұл ауыр халдегі обыр ауруына шалдыққан науқастардың өмірін ұзартады. Аталған әдіс бойынша ем алу үшін шекара асып, ем іздеп келетін азаматтар да бар. Мұндай ота түрі ми, мойын, бауыр, ұйқы безі, жатыр мойны, бүйрек, бауыр ісіктеріне шалдыққан науқастарға жасалады, – дейді қалалық онкологиялық орталықтың химиотерапия және эндоваскулярлы онкология бөлімінің меңгерушісі Давранбек Арыбжанов.

Айта кетейік, бүгінге дейін Давран Тұрсынқұлұлының жетекшілігімен бес мыңнан аса науқасқа осындай ота түрі жасалған.