Қазіргі таңда бүкіл әлем жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп жатыр. Бұл үдерістен біздің мемлекетіміз де қалыс қалмай, цифрлық трансформацияны ел дамуындағы негізгі бағыттардың біріне айналдырды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында жасанды интеллект пен денсаулық сақтау саласына ерекше басымдық берілді.
Президент өз Жолдауында Қазақстанның жасанды интеллект дәуіріне аяқ басқанын атап өтті. Бұл озық технологияны барлық салаға енгізу ел әлеуетін еселеп арттыратыны сөзсіз. «Біздің стратегиялық бағдарымыздың ең басты қыры – цифрландыру мен жасанды интеллект болуы тиіс», – деді Мемлекет басшысы.
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту үшін мемлекет тарапынан жүйелі іс-шаралар қабылданып жатыр. Қалалық және ауылдық аймақтарда медицина нысандары кезең-кезеңімен жаңартылуда. Мұнымен қоса, ірі қалаларда жаңа медициналық мекемелер ашылып, заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 540 нысан салынды, осы жылдың соңына дейін тағы 115 нысан пайдалануға берілмек. Ал қалалы жерлерде денсаулық сақтау саласына қатысты бірқатар ірі нысан іске қосылды. Мысалы, Астанада онкология орталығы, Алматыда жұқпалы аурулардың ғылыми орталығы ашылды» деп атап өтті Президент.
Сонымен қатар, бұған дейін салынған көпбейінді ауруханаларды бюрократиялық кедергілерге ұрындырмай, халық игілігіне беру қажеттігі айтылды. Жаңа нысандар салуды мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жалғастыру ұсынылды. Мұндай бастамалар өз кезегінде өңірлік медицинаның дамуына жол ашады деп білемін.
Фармацевтика саласы да назардан тыс қалмады. Пандемияның бізге дәрі-дәрмектің ішкі нарықтағы қолжетімділігі мен отандық өндірістің маңызын көрсеткені белгілі. Сондықтан, Мемлекет басшысы ендігі міндеттің елімізде шығарылатын дәрі-дәрмектің түрі мен көлемін арттыру екенін тілге тиек етті. Бұл бағытта біздің оқу орнымыз да өз үлесін қосуда. Фармацевтика мамандарын даярлау сапасын арттырып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жандандырып, отандық дәрілік заттар өндірісіне қажетті кадрлық және ғылыми базаны қалыптастыруға белсенді атсалысып келеді.
Бюджет қаражаты шектеулі кезде медициналық жүйенің тиімділігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Бұл ретте Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының рөлі айрықша. Қор дайын өнім жеткізетін мекемелерге бақылауды күшейтіп, шығындарды оңтайландыруда. Осы орайда Үкіметке жасанды интеллект арқылы медициналық қызметтер сапасы мен көлемін бақылаудың заманауи жүйесін қалыптастыру міндеті жүктелді.
Президент дәрігер мамандығының мәртебесін көтеріп, сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсартудың да мемлекет үшін басым бағыттардың бірі екенін айтты. Әрине, бұл бізді қуантады және жастарды осы салаға ынталандыра түседі.
Түйіндей келгенде, Президент Жолдауы бізге денсаулық сақтау саласын түбегейлі жаңғыртудың, жасанды интеллектіні енгізу арқылы тиімділікті арттырудың айқын жолын көрсетіп отыр.
Жанна СЕЙТЖАНОВА,
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының ректоры