Бүгін Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында көне заманнан келе жатқан асыл мұраларымызды, ғасырлар қойнауынан сыр шертіп, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ән қазынасын жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында «Дәстүpлі және ғұрыптық әндер» этно-танымдық шарасы өтті.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Дәстүр және ғұрып» арнайы жобасында өткен этно-танымдық шарада өңірімізге белгілі өнерпаздар қазақ халқының мерей тұтар асыл мұрасы, бүгінгі ұрпаққа жеткен дәстүрлі өнердің қаймағы ғұрыптық әндер-бесік жыры, тұсау кесер жыры, беташар, сыңсу, аушадияр, жар-жар, тойбастар, бақсылық өнер, ауылдың алты ауызы, жарапазан, жоқтау сынды ғұрыптық әндер мен көнеден жеткен ән-жырдан шашу шашты.
«Мың жыл бұрынғы саздың, күй мен сарынның бүгінгі күнге жетуінің өзі халықтың ұлттық болмысының биік көрінісі. Ендеше, бұл өнер үлгісінің ғұмыры ғасырдан ғасырға жалғасып, ұрпақтан-ұрпаққа жете бермек», - деді орталық директорының орынбасары Райхан Сапарқызы.
Тағылымы мол шараға мәдениет саласының қызметкерлері, мектеп оқушылары, студенттер қатысты.