ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: БИЫЛ 78 КӨШЕНІ ЖӨНДЕУ ЖОСПАРЛАНУДА

ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ: БИЫЛ 78 КӨШЕНІ ЖӨНДЕУ ЖОСПАРЛАНУДА

Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек 2024 жылдың I жартыжылдығында ауданда жүзеге асқан жұмыстар бойынша баспасөз брифингін өткізді. Аудан әкімі инфрақұрылым, абаттандыру, санитарлық тазалық, жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының барысын баяндады.

Д.Есілбектің мәліметінше, ауданда тұрғындарды ауыз сумен қамту 97 %-ға, электр жарығымен қамту 99,8 %-ға жеткен. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылды. 2024 жылы Жастар көшесі мен «Қазығұрт» станция аумағындағы 102 абонентті және Оңтүстік-Жаңақұрылыстағы 989 абонентті сапалы ауыз сумен қамту мақсатында ЖСҚ әзірлеу жоспарланып отыр.

2023 жылы Исфиджаб тұрғын алабындағы жеке меншік жүйедегі электр желісің ауыстыру үшін «DIAS Проект» ЖШС мердігер мекемесі тарапынан ЖСҚ әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынған болатын. Одан бөлек, 9 трансформатор ауыстырылып, 16,7 шақырым желі жаңартылды.

Қазіргі уақытта Қарабастау Жаңақұрылысында (120 абонент) ОЖТ тарапынан 19 трансформатор мен 33,4 шақырым желіні жаңарту жоспарланған.

Ауданда ұзындығы 732,91 шақырым 728 көше мен өткелдер бар. Жолдардың 535,77 шақырымы асфальт, 158,38 шақырымы тас, 38,76 шақырымы топырақ жолдарды құрайды. Жол инфрақұрылымын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. 2024 жылы ұзындығы 30,5 шақырым 78 көшені жөндеу жоспарлануда. Қазіргі таңда бірқатар көшелерде жұмыстар бастау алды.

Сонымен қатар, 12 көшеге шағал тас төсеу және 10,3 шақырым аяқ жол салу жоспарда тұр. БүгіндеБазарқақпа тұрғын алабында аяқ жол салу жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, қазіргі таңда 5 шақырым аяқ жол салынды.

Аудан аумағында жарықтандырылған көше саны – 117. 2024 жылы 244 көшені жарықтандыру жоспарға алынған. Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан жарықтандыру жұмыстары атқарылуда. Қазіргі таңда бетон бағаналар орнатылды.

«Шымкент келбеті»