Шымкент қаласының барлық аудан аумағында оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында "Аула чемпионаты" ойындары басталды.
Бүгін Еңбекші ауданы 11 шағынаудандағы жаңа гүлзарда аула чемпионаты ұйымдастырылды. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Досалы Амангелдиев сайыстың ашылу рәсімінде балаларды келе жатқан мерекемен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамытудағы алғашқы сайыста балалар спорттың 7 түрінен - ләңгі тебу, асық ату, баскетбол добын торға түсіру, скакалкамен секіру, футбол қақпасын көздеу, гимнастикалық шеңбер айналдыру, турникке тартылудан сынға түсті.
Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы, аудан әкімдігі бірлесе ұйымдастырған бұқаралық іс-шараға биыл 85 спорт алаңшасында 9 000-ға жуық баланы қамту жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, биыл Еңбекші ауданы аумағындағы тұрғын алаптар мен шағынаудандарда 29 балалар ойын алаңы, 7 спорт алаңшасы пайдалануға беріледі.
Бүгінгі сайыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы дипломдар, медальдармен марапатталды.