«Таза аула» экологиялық акциясы аясында қаладағы көпқабатты үйлердің аулалары ретке келтіріліп, тазалық жұмыстары жүргізілді. Еңбекші ауданы Әлімбетов көшесіндегі көпқабатты үйлердің аулаларында өткен тазалық іс-шарасына еріктілер, аудан әкімдігінің қызметкерлері, тұрғындар және аудандық коммуналдық мекемесінің жұмысшылары қатысты.
Іс-шараға қатысушылар бұталарды кесу, шөптерді ору, ағаштарды әктеу, ойын алаңдарын сырлау жұмыстарын атқарды. Атап айтқанда, 11 шағынаудандағы №201, 203, 205, 207 көпқабатты үйлердің аулалары ретке келтірілді. Еңбекші ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Күзенбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта аудандық коммуналдық мекемесінің қызметкерлері тазалық жұмыстарын ұдайы өткізіп келеді. Олардың жұмыстары 9 секторға бөлінген. Коммуналдық мекеме өкілдері тұрғындардың шағымы негізінде де санитарлық жұмыстарын атқаруда. Сондай-ақ, коммуналдық мекеме жұмысшылары мобильді топтармен бірге кешкі және түнгі уақыттары да тазалық іс-шараларын өткізеді.Экологиялық акция барысында тұрғындар іс-шараны ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
«Шымкент келбеті»