Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек өткен жылы атқарылған жұмыстар және алдағы жоспарлар жөнінде баспасөз брифингін өткізді. Д.Есілбек аудандағы инженерлік-инфрақұрылым, жол инфрақұрылымын дамыту, ирригация, абаттандыру жұмыстарының барысынан хабардар етіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.
Жаңа «Тұран» ауданы құрылуына байланысты Еңбекші ауданының шекарасы да өзгеріп, Қаратау ауданынан «Исфиджап», «Орманшы», «Достық» тұрғын алаптары мен «Азат» шағынауданы,ал Әл-Фараби ауданынан «Бадам» шағын ауданының 2-ші бөлігі қосылды.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, Еңбекші ауданында инфрақұрылым жүйелерін дамыту бойынша 2023-2025 жылдарға арналған «Жол картасы» бекітілген. Аудан аумағындағы 29 шағынаудан мен тұрғын алаптардың халық шоғырланған негізгі бөлігі инженерлік жүйелермен қамтылған.
Атап айтсақ, ауыз су - 94,5 %, электр жарығы - 98,3 %, табиғи газ - 90,7 %, кәріз жүйесімен қамту жағдайы 41 %-ға жеткен. 2023 жылдың қорытындысымен халық шоғырланған аумақтар толық ауыз сумен қамтылады. Ал жаңақұрылыс аумақтары 2024-2025 жылдары 100 пайыз ауыз суға қол жеткізеді.
- Ауданда жолдардың жағдайын жақсартуға жылдан жылға көңіл бөлініп келеді. Мәселен, 2022 жылы жалпы 86,4 шақырым 132 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, демеуші есебінен «Базарқақпа» тұрғын алабындағы Сайрам су өзенінен өтетін көпір қайта құрылып, тұрғындардың игілігіне тапсырылды. Ал 2023 жылы І кезеңмен ұзындығы 36,8 шақырым 53 көшені жөндеу жоспарлануда, - деді аудан әкімі.
Ауданда былтыр 75 көпқабатты үйдің аулалары абаттандырылып, жеке секторда 11 кешенді балалар ойын алаңшалары құрылды.
2023 жылы 26 көпқабатты үй ауласын және жеке секторда 1 кешенді балалар ойын алаңшаларын құруға қаржы бөлініп, қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу іс-шарасы жүргізілуде.