Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын арнап, ел дамуының алдағы негізгі бағыттарын айқындап берді. Президенттің бұл Жолдауында әлеуметтік-экономикалық даму, саяси реформалар және мемлекеттілікті нығайту мәселелері жан-жақты қамтылды.
Бұл құжат мемлекет дамуының негізгі бағыттарын белгілейтін маңызды саяси оқиға саналады. Сондықтан халық Жолдаудан үлкен үміт күтеді. Барлық сала – мемлекеттік органдар да, жеке сектор да, қоғамдық ұйымдар да өз қызметін осы құжатта көрсетілген басымдықтарға сәйкес үйлестіреді.
Менің ойымша, бүгінгі Жолдаудың өзегі – жасанды интеллект пен цифрландыруды дамыту міндеттері болды. Қазақстан үш жыл ішінде толық цифрландыруды аяқтау мақсатын алға қойды. Бұл өте ауқымды міндет, бірақ оны жүзеге асыруға біздің әлеуетіміз жеткілікті. Көршілес елдермен салыстырғанда біз цифрландыру ісінде айтарлықтай алға шықтық. Бұл бізге жаңа бағыттарды дамытуда сенімді негіз болмақ.
Президент атап өткендей, жасанды интеллектті барлық салада қолдану қажет. Ол үшін кадрларды даярлау, ғылымды қолдау, IT-мамандардың жаңа буынын тәрбиелеу аса маңызды. Сонымен қатар, шетелдік мамандарды тарту арқылы жаңа технологиялар мен өндірістерді дамытуға жол ашылады.
Суперкомпьютердің іске қосылуы – үлкен жетістік. Алайда бұл тек бастама ғана. Ең бастысы осы жетістікке сүйене отырып, Қазақстанды шынайы цифрлық мемлекетке айналдыру. Бұл үшін тек Үкімет қана емес, бүкіл қоғам жұмыла әрекет етуі қажет.
Президенттің «Digital Qazaqstan» атты бірыңғай тұжырымдамалық құжат әзірлеу туралы тапсырмасы стратегиялық тұрғыдан дер кезінде қабылданған шешім. Бұл құжат цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытудағы нақты қадамдарымызды жүйелеп, мемлекет пен бизнестің, ғылым мен қоғамның ортақ бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Менің ойымша, цифрландыру тек технологиялық жаңғыру емес, сонымен бірге елдің басқару сапасын, экономикасын, білімін, денсаулығын жаңа деңгейге көтеретін күш. Егер біз жасанды интеллектіні барлық салаға батыл енгізсек, онда Қазақстан әлемдік бәсекеде өз орнын нығайтып қана қоймай, жаңа көшбасшылыққа да қол жеткізе алады.
Сондықтан Президенттің бұл бастамасы ел болашағына салынған ең сенімді инвестиция. Әрқайсымыз осы өзгерістердің бір бөлігіне айналып, цифрлық дәуірдің артықшылықтарын ел игілігіне айналдыруға атсалысуымыз қажет.
Жалпы, Мемлекет басшысы бүгінгі Жолдауында еліміздің дамуына серпін беретін батыл да өзекті шешімдер ұсынды. Бұл құжат ел дамуының жаңа қарқынын белгілеп, әрбір қазақстандықты өзгерістерге белсенді атсалысуға шақырады.
Бахадыp НАРЫМБЕТОВ
Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы