Бүгін «Көрме» орталығында «Елбасы Медалі» жобасының қола медаль иегерлері марапатталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Былтыр бастау алған жобаға Шымкент қаласынан 590 үміткер қатысты. Оның ішінде үздік деп танылған 131 жас қола медальге қол жеткізді.
Бүгін үздік болған 80 жасқа «Елбасы Медалі» табысталды. Салтанатты жинында Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан үздіктерді құтықтап, марапаттады.
- Ел болашағы – білімді жастар қолында. Хакім Абай айтқандай 5 асыл істі біліп, орындап жүрсеңдер, 5 дұшпаннан қашық болып, білімге ұмтылсаңдар сендерге алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайды. Адамның ең басты құндылығы – білім. Білімді сатуға болады. Оны орынды қолдану кәсіби біліктілігіне байланысты. Білімді адам биіктен көрінеді. Сондықтан, бүгінгі жастар тек білімге құштар болыңдар, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
«Елбасы медалі» жобасы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «El Umiti» бастамасы аясында әзірленді.
Бұл жоба жасы 14 пен 29 аралығындағы өр мақсатты Қазақстан жастарына арналған. Қатысушылар «Алтын», «Күміс», «Қола» деңгейлерінің бірін таңдап, қарым-қабілеттерін 7 бағыт бойынша жетілдіреді: спорт, дағды мен дарын, кітап оқу, ұлттық мұра, туристік саяхаттар және еңбек тәжірибесі. Әр кезеңді өткен сайын қатысушы мықтылығын, дарынын жоғарлап, оның өз күшіне деген сенімі артады.
- Бұл жоба «Рухани жаңғыру» аясында жастарға тәлім-тәрбие беріп, білімін арттырады. «Елбасы медалінің» дәрежесі алтын белгімен бірдей. Себебі оқушылары ЖОО-на грантқа түсетін болса комиссия мүшелері бұл медалге ерекше басымдық береді, - дейді «Дарын орталығының» директоры Раушан Омарханқызы.
Алдағы уақытта бұл жоба жалғасын табады. Бүгінде қола медал иегерлері марапатталса, келесіде күміс, алтын медаль алғандар анықталатын болады.