Шымкент қаласы аумағындағы электр энергиясы желілерінде орын алған ақаулар қалпына келтірілуде. Бұл туралы қалалық төтенше жағдай департаментінде өткен баспасөз брифингінде департамент басшысының орынбасары Жәнібек Кәрімбаев және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілі Асқар Жүнісов мәлімдеді.
Мамандардың айтуынша, 2021 жылғы 17 қараша күні сағат 10:00-ден бастап ауа райының нашарлап, екпіні секундына 25 метрге дейін жеткен желдің салдарынан электр желілері үзіліп, кеңінен электрмен қамтамасыз ету жүйелері өшірілді. Нәтижесінде 14700 абонент электр қуатынсыз қалған. Осығай орай кезекші бригадалар күшейтілген тәртіпте жұмыс істеуге көшкен.
– «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС күшімен осы күні 7491 абонент қосылды. Бұл жұмыстарға мекеме тарапынан 16 бригада, 59 қызметкер және 11 техника жұмылдырылды. 18 қараша таңертеңгі жағдай бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, 7159 абонентке электр қуаты қосылды. Бірер сағатта қалған 50 абонент желіге қосылады, – деді «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-нің өкілі Асқар Жүнісов.
Ал ТЖД басшысының орынбасары Жәнібек Кәрімбаевтың айтуынша, құтқарушыларға ауа райының келеңсіздігінен қаза болғандар мен зардап шеккендер туралы мәліметтер түспеген.