Шымкентте опера және балет театры ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына және 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне "Домалақ ана" операсының премьерасын тарту етті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
"Домалақ ана" операсы - Тәуелсіз Қазақстан жылдарында жазылған екінші опера. Жаңа қойылым елімізде алғаш рет сахналанып отыр. Асхат Маемировтың либреттосына жазылған Тасқын Жармұқамедтің туындысы – егемен еліміз үшін тарихи оқиға, жаңа белес болып отыр.
Қазақ тарихындағы аты аңызға айналған абыз ананың өзіне тән қасиетті бейнесі қойылымда тереңдікпен жеткізілген. Жас қыз Нуриланың ана атанып, өсиет пен рухани құндылықтарға және аналық мейірге толы ғұмыры арқылы ана махаббаты суреттелген.
Жаңа қойылымды сахналауға әлемге әйгілі және елімізге танымал өнер майталмандары жиналды. Домалақ ана партиясын ҚР Еңбек сіңірген әртісі, қалалық опера және балет театрының директоры Майра Мұхамедқызы, Бәйдібек биді тенор, Халықаралық байқаулардың лауреаты Мадихан Дуйсеев, Жұмабек Қаңтарбаев орындаған. "Домалақ ана" операсы бұдан кейін әлемдік сахнаға жол тартады.
Фото:Береке Сейітжаппар