Елімізде алғаш рет әлеуметтік қызметкерлер тестілеуден өтті

Елімізде алғаш рет әлеуметтік қызметкерлер тестілеуден өтті

Қазақстанда халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде жұмыс істейтін 11 мыңнан астам адамды ауқымды тестілеу аяқталды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл туралы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді.

Әлеуметтік қызметкерлер, медициналық-әлеуметтік мекемелер мен халықты жұмыспен қамту орталықтарының директорлары, үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшелерінің меңгерушілері, әлеуметтік жұмыс жөніндегі мамандар мен консультанттар, жұмыспен қамту орталықтарының ассистенттері мен консультанттары білімдері мен құзыреттерін бағалаудан өтті.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен жиында Әлеуметтік жұмыстың басым мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің кезекті отырысында Әлеуметтік жұмыс жөніндегі ұлттық ресурстық орталықтың өкілдері әлеуметтік қызметкерлерді тестілеу қорытындыларын таныстырды.

Тестілеу 2020 жылғы қарашадан бастап 2021 жылғы наурызға дейін 2 кезеңде өтті: негізгі тестілеу және өту балын ала алмағандар үшін қайта өткізу. Аталған іс-шараның мақсаты – әлеуметтік қызметкерлердің білімін бағалау және арнаулы әлеуметтік қызметтер мен атаулы әлеуметтік көмек көрсету сапасын арттыру. Білім мен құзыреттілікті бағалауға барлығы 11,6 мың адам қатысты.

Тестілеуден өтуге 140 минут бөлінді. Осы уақыт ішінде әлеуметтік қызметкерлер жалпы 13 сұраққа (сауалнамалық деректерді қалыптастыру үшін), заңнаманы, кәсіби этика нормаларын және практикалық дағдыларды білуге арналған 65 сұраққа жауап беруге, сондай-ақ жеке ерекшеліктерін, коммуникативтік құзыреттіліктерін, эмоциялық интеллект деңгейін және эмоциялық күйзелісті анықтауға бағытталған психологиялық тест тапсыруға тиіс болды.

- Әлеуметтік қызметкерлердің 91% - ы өту балын жинады. Мұндай тестілеу ел ауқымында алғаш рет өткізіліп отырғандықтан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өту балын жинай алмаған тұлғаларға cанкциялар қолданбаған, олар үшін оқыту семинарлары мен қайта тестілеу ұйымдастырылды, – деп атап өтті Ерлан Әукенов.

Іс-шараны ұйымдастырушылардың айтуынша, әлеуметтік қызметкерлердің білімін тексеруден басқа, тестілеу олар туралы мәліметтер базасын құруға, осы санаттың мәртебесін арттыру және әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін жетілдіру бойынша ұсыныстар жинауға мүмкіндік берді.