Өткен жылы Қазақстанда 17 миллионнан астам әкімшілік құқықбұзушылықтың жолы кесілді. Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді. Ведомство дерегіне сүйенсек, бірқатар ауыр қылмыс түрлері бойынша қылмыс саны 6 мыңға қысқарған.
Атап айтқанда, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, тонау, қарақшылық, ұрлық және бұзақылық баптары бойынша тіркелген қылмыстар азайған. Сонымен қатар ауыр қылмыстарды ашу деңгейі 100 пайызға жеткен.
Құқық қорғау органдары өткен жылы іздеуде жүрген 1,5 мыңнан астам адамды ұстады. Бұдан бөлек, хабарсыз кеткен 20 мыңнан астам азаматтың жүрген жері анықталып, отбасына қайтарылды. Ішкі істер министрлігі биылғы жылы жасанды интеллектіні басым бағыттардың бірі ретінде айқындап отыр. Ведомствоның айтуынша, бұл технология құқықбұзушылықтың алдын алу, қылмысты болжау және жедел-іздестіру жұмыстарының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.