ЕМХАНА ТАҢДАУ – ХАЛЫҚ ЕРКІНДЕ

ЕМХАНА ТАҢДАУ – ХАЛЫҚ ЕРКІНДЕ

Елімізде 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында емханаларға бекітілу бойынша жыл сайынғы науқан болады. Осыған орай, Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Шымкент қаласының емханаларында тіркелу туралы» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті.

Науқан кезінде тұрғындар өздері тіркеуде тұрған емхананың жұмысына қанағаттанбаса, басқа емханаға ауыса алады. Не болмаса өз емханасы ішінде басқа учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндігі бар.

Жалпы, Шымкент қаласының тұрғындарына 58 бастапқы медициналық-санитарлық ұйымдар көмек көрсетеді, оның ішінде 606 мың халыққа қызмет көрсететін 14 мемлекеттік емхана және 620 мың адам тіркелген 44 жеке емханалар. Осы жылы 6 жаңа емхана ашылып, 27 мың халық тіркеліп үлгерді.

– МСАК ұйымына еркін тіркелуді таңдаған кезде, олардың осы ұйым мамандарының үйде қызмет көрсету мүмкіндігі алдын ала келісіледі және тіркеу куәлігінде (талонында) көрсетіледі. Науқан кезеңінде тіркелген халыққа жаңа әлеуетті жеткізушілермен тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде қызмет көрсету келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсетуге шарттар жасалған жағдайда жүзеге асырылады, – дейді Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бақытжан Абдуллаев.

Сондай-ақ, мамандар емханаға үш тәсіл арқылы тіркелуге болатынын атады.

1. тікелей таңдалған медициналық ұйымға жүгіну арқылы 2. электрондық үкімет порталы арқылы онлайн түрде.

2. Қызметті онлайн алу

egov.kz порталдан авторизациядан өтіп "Онлайн сұратым" батырмасын басыңыз.

– Өтінімді толтырып оған ЭЦҚ (электрондық цифрлық қолтаңба) қол қою.

– Жеке кабинетте («Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде) көрсетілген уақыт ішінде келіп түсетін сіздің өтініміңізді өңдеу туралы хабарламамен танысыңыз.

3. халыққа қызмет көрсету орталықтарында өтініш беру арқылы.

– Емхана таңдауда басты ескеретін жайт – ол үйден 15-20 минут уақытта жаяу жететін жерде орналасқаны жөн. Барлық емхана аумақтық қағидат бойынша жұмыс істейді және пациент емхананың қызмет көрсету аумағында тұрған кезде ғана үйде медициналық көмек көрсетіледі. Бұл учаскелік дәрігердің немесе мобильді бригаданың көмегі қажет болған жағдайда оның жедел жетуіне, сондай-ақ, отбасы мүшелерінің бір дәрігерге қаралуына мүмкіндік береді, – дейді Шымкент қаласының №4 емханасының бас дәрігері Айгүл Жақыпқызы.

Бас дәрігер емханаға тіркеуден бас тартатын жағдайлар да кездесуі мүмкін деді. Ол жағдайлар: Жалған ақпарат берілген жағдайда; Пациенттің нақты тұру мекені емхананың қызмет көрсету аймағынан тыс жерде орналасқандығы анықталған уақытта; Жалпы практика дәрігеріне бекітілген халықтың саны 1,7 мың адамнан, учаскелік педиатрға – 0-ден 6 жасқа дейінгі 500 баладан, 0-ден 14 жасқа дейінгі 900 баладан асып кеткен жағдайда; Бекітілетін тұлғаның заңды өкілдігін растайтын құжат болмаған кезде емханаға тіркеуден бас тартуы мүмкін.

Айта кетейік, егер азамат тұрғылықты жерін және жұмыс пен оқу орнын ауыстырған жағдайда да емхананы қайта таңдауға құқылы.

«Шымкент келбеті»