ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ЭНЕРГЕТИКА ВИЦЕ-МИНИСТРІ ШЫМКЕНТ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Үшінші мегаполиске жұмыс сапарымен келген ҚР Энергетика вице-министрі Әсет Мағауов жергілікті тұрғындармен жүздесті. Ведомство өкілі кездесу барысында жанар-жағармай нарығын реформалау туралы мәлімдеді.

Оның айтуынша, Энергетика министрлігінің биылғы шілдедегі бұйрығымен АИ-80, 92-93 бензині мен дизель отынын бөлшек саудадағы шекті бағасы мемлекет тарапынан реттеледі. Ал АИ-95 жанармайының бағасы бәсекелестік ортаға беріліп, нарықта анықталады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жанар-жағармай нарығын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау аясында мұнай өнімдерін автокөлікпен әкетуге тыйым салуды 2023 жылдың І жарты жылдығының соңына дейін ұзарту жұмысы жүргізілуде.

– Бүгінгі таңда министрліктің дизель отынының бағасын саралауды көздейтін бұйрығы бар. Белгіленген көлемнен жоғары және транзиттік көлікке дизельдің 1 литрі 450 теңге болады. Азаматтар жүргізуші куәлігін көрсеткен кезде 100 литрге дейін және жүк көлігіне, арнайы автокөлікке техпаспорт ұсынылса, 300 литрге дейін 230/260 теңгемен беріледі. Министрлік осы бұйрықтың қолданылуын ұзарту бойынша жұмыс жүргізуде, – деді вице-министр Әсет Мағауов.

Ал сұйылтылған газ бағасы Шымкент қаласы үшін 1 литріне 60-35 теңге мөлшерінде қалмақ. Сондай-ақ, 2023 жылы Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаттылығын 9 млн тоннаға дейін кеңейту жобалануда.