Қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен 11-12 қыркүйек күндері ерекше балаларға арналған ауқымды мәдени-әлеуметтік іс-шаралар өтеді. Жоба аясында ерекше балалар спорттық сайыстарда бақ сынап, шығармашылық кеш, қолөнер көрмесі көпшілік назарына ұсынылады.
Бұл бастама – ерекше балалар арасында талантты жастардың әлеуетін ашуға, шығармашылық және спорт саласындағы қабілеттерін көрсетуге, қоғамға бейімделуіне ықпал етуге бағытталған маңызды қадам. Бүгін үстел теннисі, шахмат және тоғызқұмалақтан турнирлер ұйымдастырылды. Жарысқа қатысушы жастар тек спорттық қабілеттерін ғана емес, төзімділік пен табандылықтың үлгісін көрсетті.
Үстел теннисі бәсекесінде 12 оқушы бақ сынады. Сонымен қатар, тоғызқұмалаққа 30, шахмат сайысына 30 бала қатысып, саламатты өмір салтын насихаттады.
12 қыркүйек күні талантты жастардың шығармашылығына арналған ерекше мәдени іс-шара және қолөнер көрмесі өткізіледі. Қолөнер көрмесінде жас шеберлер өз қолымен жасаған ерекше бұйымдарын ұсынбақ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, спорт сайыстарының, шығармашылық кештердің жеңімпаз және жүлдегерлері қаржылай сыйлықтармен марапатталады.
Айта кетсек, жобаның басты мақсаты – мүмкіндігі шектеулі жастарға қолдау көрсету, олардың қоғамдағы орнын айқындау, қабілеттерін дамытуға жағдай жасау, қоғамда инклюзивті мәдениетті қалыптастыру.
«Шымкент келбеті»