Шымкент қаласының «Тең қоғам» әлеуметтік орталығында ерекше балалар мен олардың аналарына жаңа жылдық сыйлықтар үлестірілді. Осынау игі бастаманың өтуіне «Ерекше балалардың ата-аналары» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы ұйытқы болып отыр. Бүлдіршіндерді қуаныштқа кенелту кешіне "Amanat" партиясы Шымкент қалалық филиалы және «Ақжол» партиясы демеушілік етті.
Аяз ата мен Қарша қыз, әртүрлі анимациялық кейіпкерлер мен сайқымазақтың қойылымдары ерекше жандардың жүзіне күлкі ұялатып, ғажайып әлемнің әсеріне бөледі.
–Балалар Жаңа жыл мерекесінде ерекше сиқыр, қуанышты және үлкендерден сыйлық күтеді. «Amanat» партиясы мүгедектігі бар жандарға, ерекше балаларға тең қоғам орнатуды сайлауалды бағдарламаға негізгі бағыттың бірі ретінде енгізген. Бұл бағытта кешенді жұмыстар қолға алынған. Мұндай жандарға мемлекет тарапынан тегін медициналық көмек және әлеуметтік қолдаулар көрсетіліп жатыр. Десе де, қоршаған ортаға бейімделуі үшін мәдени іс-шараларға қатыстыру, мерекелерде көтеріңкі көңіл күй сыйлау әр адамның азамттық парызына айналуы керек. Сонда ерекше балалар да Қазақстанның дамуына мол үлесін қосатын, ерекше дарынды жан болып өседі, – деді қалалық «Amanat» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов.
«Ерекше балалардың ата-аналары» қоғамдық бірлестігінің Шымкент қаласында жұмыс істегеніне бір жарым жылдай болды. Қазір онда 38 ата-ана мен 57 ерекше бала тіркелген. Бірлестік төрайымы Гүлмира Үсенбекованың айтуынша, мүгедектігі бар ерекше жандар қаладағы мәдени іс-шараларға белсене араласады екен.
–Балаларға қуаныш сыйлап отырған демеушілерге көп рақмет. Қалалық «Аманат» партиясы мен «Ақжол» партиясы ешқашан балғындарымыздың жүзіне күлкі сыйлайтын іс-шаралар мен ата-аналардың мұң-мұқтаждығын назардан тыс қалдырған емес. Міне, бүгін де игі дәстүрінен таймай, балаларды құттықтап отыр. Тек алғыс айтамын, – дейді Гүлмира Қанатқызы.
Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Бахтияр Өнербаев та мерекелік жиынға арнайы келіп, балаларға ізгі тілегін жеткізді.
–Мемлекет тарапынан ерекше балалар мен ата-аналарына әрдайым әлеуметтік және медициналық қолдаудың барлығын қарастырылып жатыр. Әлеуметтік салаға аз қаржы бөлініп жатқын жоқ. Мұнан кейін де, қолдаулар көбейе түспек. Жаңа жылда отбасыларыңызбен бірге жаңа белестерді бағындыруларыңызға тілеулеспін, – деді Б.Өнербаев.
Ерекше бүлдіршіндерге мерекелік тарту ретінде «Кәусәр» мен «Ладушки» мейрамханалары тәттіге толы дастарханын жайды. Шаттық пен қуанышқа толы мерекелік жиын анимациялық кейіпкерлердің қойылымына ұласты.