Шымкентте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға 18 инватакси қызмет көрсетеді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Әлеуметтік такси қызыметін жүріп-тұруы қиын бірінші, екінші топ пен 16 жасқа дейінгі мүгедектігі бар азаматтар жүгіне алады.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметі бойынша шаһарда 36 928 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген. Оның ішінде: бірінші топтағы – 3309, екінші топтағы – 14 900, үшінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар – 12 273. Ал 18 жасқа дейінгі 6 446 мүгедек бала тіркелген.
Бүгінде инватаксидің игілігін көріп отырған Асыл Асқаров әлеуметтік қызметтің осы түріне өз ризашылығын жеткізді.
– Мен І топтағы мүгедекпін. Мемлекет тарапынан қызмет көрсетіп отырған инватакси – біз секілді жарымжан азаматтар үшін тамаша мүмкіндік. Тек өтінішті 1 күн бұрын қалдыру керек. Өтініш қабылданған соң қалаған жеріңе тегін баруға болады. Осы секілді көмек түрлерін алып жатқанымызға алғысымыз шексіз,-дейді ол.
Қалада 43 әлеуметтік такси қызметіне 508 өтініш қабылданса, инватакси қызметін қолдану үшін 455 мүмкіндігі шектеулі жан өтінім білдірген. Арнайы көліктер қызмет алушының жұмысына, оқу орнына, медициналық мекемелерге, әуежайлар, теміржол вокзалдары, сот, прокуратура және т.б. белгіленген мекенжайларға ақысыз жеткізеді.
Айта кетсек, инватакси қызметіне қатысты сұрақтарды 8 (707) 405-15-65 байланыс нөміріне хабарласуға болады.