Халықаралық бокс қауымдастығы (AIBA) Директорлар басқармасының дауыс беру қорытындысына сәйкес, екі қазақстандық боксшы аталған басқарушы органның мүшелігіне енді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қазақстан бокс федерациясының менеджері Мейрам Нұртазин жарыстарды өткізу мәселелері жөніндегі комиссияның құрамына қабылданды. Ал Сиднейдің Олимпиада чемпионы, Олимпиадалық даярлау орталығының директоры Ермахан Ибраимов чемпиондар мен ардагерлер мәселелері жөніндегі комиссияның мүшесі болды.
Жаңа қызметке тағайындалған қазақстандықтарға хаттарды AIBA Президенті Омар Кремлев жолдады.
Қазақстан бокс федерациясы сайтының мәліметінше, Омар Кремлев олардың білімі мен тәжірибесі ұйымның дамуына құнды үлес қосатынына сенім білдіріп, бірлескен жұмысты бастау мүмкіндігін күтетінін атап өткен.
Мейрам Нұртазин мен Ермахан Ибраимов 2018-2019 жылғы үзілістен кейін AIBA басқарушы органдарына тағайындалған алғашқы қазақстандықтар.
Айта кетейік, Ермахан Ибраимов биыл қаңтарда "Nur Otan" партиясынан Алматы мәслихатына депутат болған еді.