Ертең ерікті түрде COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинациясы басталады

Ертең ерікті түрде COVID-19-ға қарсы «Спутник V» вакцинациясы басталады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша 1 ақпаннан бастап Қазақстанда «Спутник V» ерікті вакцинациялау науқаны басталады, деп хабарлады ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі.

Министрліктің мәліметінше, ақпан айында Қарағанды фармацевтикалық кешеніне вакцинаның 112 мың дозасы, наурызда - 150 мың, сәуірден маусымға дейін – ай сайын 600 мың дозасы жеткізілмек.

"Сондай-ақ сәуір айынан бастап 75 мың доза көлемінде QazCovid-in отандық вакцинасын салдыру жоспарланып отыр. Ол ай сайын 500 мың дозаға дейін ұлғаймақ. Бірінші кезекте халықтың жекелеген топтары - медицина қызметкерлері, полицейлер, әскери қызметшілер және т.б. вакцинациялауға жатады. Вакцинациялауға профилактикалық егуге қарсы көрсетілімдері жоқ адамдар жіберіледі. Вакцинация алдында дәрігердің міндетті тексерісі жүргізіледі. Ел бойынша екпе салу пункттерінің дайындығы тексерілді, профилактикалық екпе жүргізу мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдер бекітілді, 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды", - делінген ақпаратта.

Айта кету керек, тек вакцинация ғана коронавирустың одан әрі таралуын шектеп, елде қатаң локдаун шараларын қайта енгізбеудің жалғыз жолы.

Фото: ашық дереккөз